
Семей қаласындағы Невзоровтар атындағы көркемөнер музейінде 2025 жылғы 8 тамызда график-суретші Нұрбұлан Өтепбаевтың қазақтың ұлы ағартушысы Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған көрмесі ашылмақ.
Вернисажда суретшінің Абай мұрасын философияға салып қайта түйсініп, туған жерге деген құрметін жеткізген 70-тен аса туындысы қойылады. Өтепбаевтың туындыларында ұлы ақынның шығармашылығына тән ой-толғамдар, жалғыздық пен ақиқатты іздеу сипаттары бейнеленеді. Суретшінің картиналарында туған өлкенің пейзаждары фон ғана емес, визуал әңгіменің бір қырына айналып, даланың сыбдыры мен аспанның мүлгіген тыныштығын жеткізгендей.
1–11 тамыз аралығында музей қонақтарға экскурсиялар өткізеді.
Ұлы ақынның мерейтойына дайындық барысында музейде «Бейнелеу өнеріндегі Абай образы» деген ағартушы лекциялар сериясы өтті. Музей қызметкері тыңдаушыларға кескіндеме, графика және мүсін өнерінде Абай образын бейнелеген суретшілердің шығармашылығын таныстырып, негізгі шығармаларды, соның ішінде — Леонид Леонтьев, Хәкімжан Наурызбаев, Қанафия Телжанов пен Нұрбұлан Өтепбаевтың туындыларын талдап көрсетті.
Қазақстандағы ең ірі өңірлік көркемсурет музейлерінің бірі – Семейдегі Невзоровтар атындағы музей EA Charity Fund бейкоммерциялық қорының қолдауымен жұмыс істеп келеді.
Музей 1985 жылы Семейде өлкетану мұражайының бір бөлімшесі болып ашылып, 1998 жылы дербес мекеме болып бөлініп шыққан. Музейдің қазіргі атауы 1991 жылы, коллекционерлер отбасы — Юлий, Антонина және Юлия Невзоровтар 500-ден астам кескіндеме, графика және мүсін өнері туындысын сыйға беріп, бірегей жинақтың негізін қалаған соң қойылған.
Мұнда Иван Шишкин, Аркадий Пластов, Карл Брюллов, Николай Богданов-Бельский, сондай-ақ қазақстандық Әбілхан Қастеев, Айша Ғалымбекова, Леонид Леонтьев және басқа да шеберлердің туындылары сақтаулы тұр. Музей ағартушылық қызметін де белсенді жүргізіп отыр: дәрістер, шығармашылық кездесулер, білім беру бағдарламалары өтеді, балаларға арналған көркемсурет студиясы, жаңғырту шеберханасы және 11 000-нан астам кітап жиналған кітапхана істеп тұр.