ru
Дереккөз: EA Charity Fund
Дереккөз: EA Charity Fund

Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы, Нұрбол Зере Мақсатқызы, GENIUS Olympiad 2026 олимпиадасының финалында еліміздің намысын қорғап, Entrepreneurship, яғни кәсіпкерлік санатында күміс медаль жеңіп алды.

Байқаудың соңғы кезеңі 8-12 маусым аралығында АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Рочестер қаласында өтті. Зеренің сапары EA Charity fund Корпоративтік қорының қаржылық қолдауымен мүмкін болды.

GENIUS Olympiadқоршаған орта мәселелеріне, тұрақты дамуға және инновациялық шешімдерге арналған халықаралық мектеп жобалары байқауы. Қатысушылар ғылым, технология, өнер, робототехника және кәсіпкерлік сияқты әртүрлі салаларда өз жобаларын ұсынады. 2026 жылы байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 5206 өтінім келіп түсті. Іріктеу нәтижесінде 79 ел мен АҚШ-тың 37 штатынан 965 қатысушы олимпиаданың соңғы кезеңіне жолдама алды.

Олимпиада барысында Зере ауыл шаруашылығында су тұтынуды азайтуға бағытталған ZEO-GROW эко-бизнес жобасын ұсынды. Жобаның ғылыми маңыздылығы ылғалды сақтауға және өсімдік тамырларының аэрациясын жақсартуға көмектесетін цеолит пен қайта өңделген күріш қабығынан жасалған арнайы субстратты қолдануға негізделген.

Тәжірибелік нәтижелерге сәйкес, ZEO-GROW су тұтынуды 40%-ға дейін азайтып, дәстүрлі субстраттармен салыстырғанда өсімдіктердің тіршілік етуін үш еседен астам арттырады.

Жобаны қорғау бизнес-питчинг форматында өтті. Қатысушылар өз жобалары бойынша нарықтық талдау жүргізіп, қаржылық модель және маркетингтік жоспар әзірлеп, өнімнің қоршаған ортаға тигізетін оң әсерін халықаралық қазылар алқасының алдында таныстырды.

Байқау қорытындысы бойынша ZEO-GROW жобасы күміс медаль мен II дәрежелі дипломға ие болды. Сонымен қатар, олимпиада серіктесі Rochester Institute of Technology Зереге университеттің бакалавриат бағдарламаларында оқу үшін жыл сайынғы 20 000 АҚШ доллары көлеміндегі жаңартылатын стипендия ұсынды.