ru
OYLA Марс

OYLA журналы

Ғылым мен техника туралы қазақ және орыс тілдерінде айтып беретін балалар ғылыми-танымдық журналы. Қазақстандағы 1500 мектеп пен кітапханаларда тегін таратылады.

Facebook OYLA

Бұлттың салмағы қанша? Siri біздің тілімізді қалай түсінеді? Неліктен желім өз ыдысына жабыспайды? Балаларға арналған қазақстандық OYLA ғылыми-танымдық журналы жас оқырмандарға ғылым мен техника жайлы қызықты тілмен баяндай отырып, оларды зерттеулермен айналысуға қызықтырады. Бұл – мектеп оқушыларына ұнайтын ғылыми таным, олар, тіпті, интернет қарыштап дамыған заманда гаджеттерін жинап қойып оқиды.

Қазақстандағы балаларға арналған алғашқы ғылыми-танымдық журнал

OYLA журналын шығару идеясы 2015 жылы туындады. Жобаның негізін қалаушылар – математик Ғамзат Бияров пен редактор Ердос Төлегенов кеңестік журналдарды оқып өскен. Олар «Жас техник», «Жастар техникасы», «Әлемнің айналасында» және «Квант» журналдарынан шабыт алады. Сегіз жылғы жұмыстың нәтижесінде 123 нөмір басылып шықты, көбісі екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде.

«Мысалы, мектеп оқулығында формула жазылса, біздің журналдан «Адамдарға бұл формула неліктен қажет болды?», «Ол қандай теңдеулерді шешуге көмектеседі?» деген сұраққа жауап таба аласыз», – деп түсіндіреді Ғамзат Бияров. – «Бір қарағанда қарапайым көрінетін заттардың артында, көбінесе, мыңдаған адамның қыруар еңбегі, төгілген тер мен қателіктер, табылған шешімдер мен жаңалықтар тұрады».

OYLA журналының бас редакторы Ғамзат Бияров. OYLA архиві
OYLA журналының бас редакторы Ғамзат Бияров. OYLA архиві

«Үнсіз мұғалім» – Ердос Төлегенов OYLA журналын осылай сипаттайды. Журналды оқып шыққан соң математика, физика, химия, биология және география пәндері соншалықты қиын әрі шындықтан алыс сияқты көрінбейді. Басылым редакциясы Жер бетіндегі әр оқушының осы пәндердің қоршаған ортадағы орнын бағамдап, сыни түрде ойлайтындай, түйсінетіндей жағдайға жетуді қалайды.

«Сіз қолыңызға телефон алғанда оның қалай жұмыс істейтінін ойламайсыз. Біздің журнал осы телефонның қалай құрастырылғанын, операциялық жүйе дегеннің не екенін түсінгісі келетіндерге арналады. Мен, әрине, әсерлеп айтып отырмын, ал негізінде бәрі біз ойлағаннан да күрделі».

Көп оқу сапаға әсер етеді, балаларда салыстыру туралы ой туындайды. Пифагор теоремасы туралы мақаланы оқыған соң Пифагор деген кім және Ежелгі Грекияда адамдар қалай өмір сүргенін білуге қызығушылық пайда болады. Осы сұрақтарға жауап бере отырып OYLA журналы мектеп бағдарламасында шашыраңқы түрде кездесетін білімді біріктіреді.

Ғылыми-танымдық әдебиет кімдерге қызықты

OYLA журналының негізгі аудиториясы – қызығушылығы бар, түрлі жастағы адамдар. Көбінесе – 12 жасқа дейінгі жеткіншектер. Бұл кезеңде оларда көптеген сұрақ туындап, жаңа ақпарат көзін тапқысы келеді.

«Біз балалардың осы қызығушылығын қолдап, олардың бойындағы мүмкіндіктерін ашуға ұмтыламыз, ғылым сұрақ қойған әр адамға қолжетімді екенін көрсеткіміз келеді», – дейді Ғамзат Бияров.

OYLA журналын химия сабағындағы тәжірибені қайталағысы келетін ата-аналар да, өз сабақтарына журналдағы мақалалардың көмегімен дайындалатын мұғалімдер де оқиды.

«АҚШ-тағы оқытушыларда журналымыздың материалдарын қолданар алдында хат жазу әдеті қалыптасқан. Кейбіреулері сабақтарына дайындықты оңайлату үшін мақаланың PDF-файлын жіберуді сұрайды», – деп қосады Ердос Төлегенов.

Қағаздың күші

Үстелдің үстінде жатқан журналды бала қолына сирек алады. Дегенмен, интернеттегі динозаврдың жаңа түрі туралы бейнероликке қарағанда OYLA журналының беттеріндегі ақпарат әлдеқайда оңай есте сақталады. Цифрландыру дәуірінде де редакция қағаз журнал басып шығаруды жалғастыруда – мессенджерлер мен жалықтырған жарнама назарды журналдан аудара алмайды.

«Әсіресе қазіргі таңда елеңдеткен нәрселерге қарсы тұру қиын. Міне, сондықтан біз қағаз бетіндегі кеңістікті жалғастырудамыз, мұнда оқырмандарымыз ештеңеге алаңдамай, қызықты ғылым әлеміне бойлай алады», – деп түсіндіреді Ғамзат Бияров.

Мұндай форматты қолға алудың тағы бір себебі – Қазақстанның көптеген елдімекені мен мектептерінде компьютерлер мен басқа гаджеттердің аздығы.

«Барлық балада бірдей дұрыс жұмыс орны, ең қарапайым деген компьютердің өзі бола бермейді», – дейді Ердос Төлегенов.

Ал журнал баршаға бірдей қолжетімді (тіпті интернет өшіп қалса да).

OYLA журналын қай жерден оқуға болады

OYLA журналы Қазақстанның мектептері мен кітапханаларында тегін таратылады. Олар – еліміздегі оқушылардың 70 пайызға жуығы оқитын 1 500 ірі білім ордасы. Әр нөмірде екі тілде материал жазылған 150 бет бар. Бұл қазақ тіліндегі сапалы балалар контентінің тапшылығына байланысты аса маңызды.

OYLA журналының танымалдылығы Қазақстаннан тыс аймақтарға да таралды, қазір басылым Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Австралия және Қытайда басып шығарылуда. Басылым әр елдегі мектеп оқушыларына арналған білім стандарттары мен тілге бейімделеді.

Редакция Қазақстанның шалғай өңірлеріндегі жас оқырмандардың көңілі түспегенін қалап, 2025 жылы контентті цифрландыруды, жоба аясындағы жаңа форматта көрсетуді жоспарлауда.

OYLA журналын қайтарыңыздар

2022 жылдың сәуір айында журнал Қазақстандағы редакциясы жабылатыны туралы мәлімдеді. Ол кезде OYLA әлемнің 15 еліндегі 300 мыңнан астам оқырман танитын халықаралық сәтті жоба болатын. Бұл шешім қиын тисе де команда Қазақстаннан тыс аймақтардағы жұмысын жалғастыра берді.

Жобаның жұмысы араға 1,5 жыл салып EA Charity Fund қолдауымен елімізде қайта жанданды.

«Ерік өзі хабарласып, көмек ұсынды. Бұл біз үшін таңқаларлық жайт болды. Дегенмен, екі тарап та жобаның мақсаты мен тапсырмаларын терең түсініп, өзара құрмет көрсеттік. Ол «Мен ойланайын» демеді. Қол алысқан сәттен бастап арада бір ай өтпестен журнал қайта шыға бастады», – деп еске алады Ердос Төлегенов.

«Біз үлкен шенеуніктердің кабинеттеріндегі кездесулерге де қатыстық, тіпті, Президенттің тікелей тапсырмалары да айтылды. Дегенмен, бізге нақты әрі қомақты қолдауды EA Charity Fund көрсетті», – деп қосады Ғамзат Бияров.

Супер ақылды батыр

Алматыда OYLA журналын шығарумен бас редактор Ғамзат Бияров бастаған үлкен команда айналысады. Журналдың шығуына төрт ғылыми редактор, 100-ден астам автор, 15 дизайнер және 6 иллюстратор жауапты. Бір ай бойы журнал беттеліп, одан кейін баспаханаға жіберіледі. Сонда басылып, қағаздары кебу үшін үш күнге жуық уақыт қажет. Мектептерге жіберер алдындағы соңғы орын – «Қазпошта». Қазақстанда ай сайын OYLA журналының 5 000 данасы басып шығарылады.

OYLA архиві
OYLA архиві

Дайын журнал ұжымдық сананың күшіне айналады, ондағы біліммен тек академик тең келер (Ердос Төлегенов бұл тұста бәріне құрметті Николай Дроздовты еске алады). OYLA журналындағы суреттер көбінесе эстетикалық та, мағыналық та мәнге ие болады. Әр ұсақ бөлшегіне дейін мұқият қарағың келе беретін мұқабасы бар басылымның әр шығарылымы сақтап қоюға да әбден лайық.

Ең жақсы сыншылар

Редакцияға көптеген ашықхат, қолдан жасалған бұйымдар, қоңыраулар түсіп, әлеуметтік желіде көптеген пікір жазылып жатады, онда оқушылар қосымша сұрақтарын қояды, мақалаларда қате кетті деген ойларын айтады. Бірнеше жыл бұрын редакцияға алты жасар оқырманнан хат келді, ол OYLA журналының шығарылымын өзі қолдан салып шығыпты. Мұқабада төрт аяғы бар, өзі күліп тұрған жасыл тіршілік иесі бейнеленген, ал журнал беттерінде лава қайдан шығатыны және жақсылық жасаудың неліктен маңызды екені жазылған.

Инфографика журнал OYLA