ru

Жеке садақадан pro bono-ға дейін: заманауи қайырымдылық форматтары қалай жұмыс істейді?

Сурет: ea charity fund
Сурет: ea charity fund

Қазіргі заманғы қайырымдылық — бұл қаржыландыру көздерімен ғана емес, қоғамға ықпал ету тәсілдері жағынан да ерекшеленетін көмектің алуан түрлі тәжірибесін қамтитын кең ауқымды сала. Жеке садақа беруден бастап корпоративтік бастамаларға, меценаттықтан бастап кәсіби pro bono үлгілеріне дейінгі түрлі қолдау формалары өзара қабаттаса жүріп, бір-бірін толықтырып отыратын күрделі экожүйе қалыптастырады. Бұл жүйеде бизнес, жеке тұлғалар мен кәсіби қауымдастықтар қатар әрекет етіп қана қоймай, көбіне бір-бірінің ықпалын күшейтеді. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай қайырымдылық түрлері нақты әлеуметтік мәселелерге жауап ретінде шығып, уақыт өте келе орнықты үлгілерге айналады.

Жеке қайырымдылық

Жеке қайырымдылық — әлеуметтік жобаларға, бастамалар мен ұйымдарға қолдау көрсеткісі келетін жекелеген адамдардың ерікті жарналарына сүйенетін көмек түрі. Мұндай формат шағын, бірақ тұрақты ақша аударымдарынан бастап, әлеуметтік салада ұзақмерзімді өзгерістер жасауды көздейтін ауқымды демеушілікке дейінгі көмекті қамтуы мүмкін. Цифрлық платформалардың дамуы жеке қайырымдылықты жаһандық ауқымдағы маңызды күшке айналдырды — енді адамдар көмекке зәру жобаларды жылдам қолдай алады.

Халықаралық деңгейдегі ең танымал бастамалардың бірі — инвестор Уоррен Баффет пен Билл және Мелинда Гейтс бірлесіп құрған Giving Pledge жобасы. Бұл бастамаға қатысушылар — әр елден шыққан миллиардерлер — көзі тірісінде немесе қайтыс болғаннан кейін байлығының басым бөлігін қайырымдылыққа жұмсаймын деп жария уәде береді. Олар денсаулық сақтау, білім беру, кедейлікпен күрес және ғылыми зерттеу бағыттарын қолдайды. Бұл бастама ауқатты адамдардың жаһандық сын-қатерлер алдындағы жеке жауапкершілігінің жаңа үлгісіне айналып, әлемдегі ірі жеке қайырымдылық стандартын қалыптастырды.

Корпоративтік қайырымдылық

Корпоративтік қайырымдылық — бизнестің әлеуметтік мәселелерді шешуге қаржылай және қаржылай емес жолдармен қатысуы. Компаниялар жергілікті қауымдастықтарға инвестиция құйып, білім беру, экология, денсаулық сақтау немесе тұрақты жобаларды қолдау арқылы өз жұмыс аймақтарындағы өмір сапасын арттыра алады. Қазіргі заманғы бизнестің көзқарасында жүйелі қайырымдылық — репутацияның, корпоративтік мәдениеттің және ұзақмерзімді орнықты даму стратегиясының бір бөлшегіне айналып отыр.

Халықаралық деңгейдегі жарқын мысалдардың бірі — Google.org, яғни Google компаниясының қайырымдылық бөлімі. Ұйым жүздеген миллион долларды цифрлық білім беру, инклюзив технологиялар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жобалар мен әлеуметтік процестерді жақсарта алатын жасанды интеллектіге сүйенетін шешімдерге жұмсап келеді. Google.org тек қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, инженерлердің, зерттеушілер мен аналитиктердің білімі мен тәжірибесін біріктіре отырып, бағдарламаларын технологиялық жағынан анағұрлым кең ауқымды әрі дамыған етіп іске асырады.

Филантропия

Филантропия — медицина, ғылым, білім беру, мәдениет және орнықты даму сияқты қоғамға маңызды салаларға ұзақмерзімді, стратегиялық қолдау көрсету. Қарапайым бірреттік қайырымдылықтан ерекшелігі — филантропия аясында ірі қорлар құрылып, зерттеулер мен инфрақұрылымды жүйелі түрде қаржыландыру, мекемелерді дамыту және инновациялық шешімдерді енгізу көзделеді. Әлемдегі ең ірі қайырымдылық қорларының көбі осы үлгімен жұмыс істейді.

Маңызды үлгілердің бірі — Bill & Melinda Gates Foundation. Қор жұқпалы аурулармен күреске, табысы төмен елдерде денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға, ауыл шаруашылығын қолдауға, білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерге инвестиция құяды. Қор жыл сайын миллиардтаған доллар бөледі, халықаралық ұйымдармен, университеттермен және зерттеу орталықтарымен бірлесіп жұмыс істей отырып, жаһандық денсаулық сақтау мен орнықты даму саласындағы стратегиялық бағыттарға ықпал етеді. Мұндай ауқым филантропияны тұтас өңірлер мен салаларға жүйелі өзгерістер әкелетін маңызды қозғаушы күшке айналдырады.

Меценаттық

Меценаттық — өнер, мәдениет, ғылым және шығармашылық бастамаларды қолдауды көздейді. Қайырымдылықтың кең ауқымды тәжірибелерінен айырмашылығы — меценаттық мәдени мұраны сақтау, мұражайларды қолдау, суретшілер мен ғылыми жобаларды, өнер саласындағы білім беру бағдарламаларын қолдауға баса назар аударады. Меценаттар көбінесе мәдени саясаттың қалыптасуы мен шығармашылық индустриялардың орнықты дамуына әсер ететін негізгі тұлғаларға айналады.

Халықаралық деңгейдегі айтулы мысалдардың бірі — Соломон Р. Гуггенхайм қорының қызметі. Бұл қор ХХ ғасырдың ортасынан бері заманауи өнерді қолдап, мұражайлар желісін дамытып, көрмелер мен зерттеу жобаларын ұйымдастырып келеді. Қор Нью-Йорк, Венеция және Абу-Дабидегі өнер мекемелерін біріктіре отырып, заманауи өнерге арналған жаһандық платформа құрды. Гуггенхайм меценаттығының арқасында әлемдік қауымдастық жаңа өнер бағыттарымен танысу мүмкіндігіне ие болды, ал жас суретшілер үшін — шығармашылық тәжірибе мен халықаралық танылуға жол ашылды.

Демеушілік

Демеушілік — жобаларды, іс-шараларды немесе ұйымдарды қаржылай не материалдық қолдау, оның есесіне демеуші тарап өз брендін таныстыруға мүмкіндік алады. Дәстүрлі қайырымдылықтан ерекшеленгенімен, демеушілік тетіктері әлеуметтік маңызы бар бастамаларды, әсіресе бизнес өз ресурстарын мәдени, спорт немесе білім беру жобаларын дамытуды көздегенде әжептәуір қолдай алады.

Халықаралық деңгейдегі ең танымал үлгілердің бірі — UNICEF пен FC Barcelona футбол клубының ынтымақтастығы. Клуб көп жыл бойы өз жейдесіне UNICEF логотипін қойып, жыл сайынғы жарналарын балалардың білім алуы мен құқығын қорғау бағытындағы жаһандық бағдарламаларға аударып отырды. Бұл әріптестік — әлемдік спорт командасы өз танымалдығын гуманитарлық ұйым мүддесіне пайдаланып, балалардың денсаулығы, білімі мен қауіпсіздігіне қолдау көрсету үшін демеушілер берген мүмкіндікті қалай тиімді қолдануға болатынын алғаш көрсеткен үлгілердің бірі болды.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі (CSR) — қарапайым қайырымдылықтан тыс әлеуметтік, экологиялық және экономикалық мәселелерді шешуді көздейтін практикалар кешені. Компаниялар орнықты өндіріс үлгілерін енгізеді, зиянды қалдықтарды азайтады, инклюзив бағдарламаларды дамытады, жеткізу тізбегіндегі еңбек жағдайларын қадағалайды және жергілікті қауымдастықтарды қолдайды. CSR — корпоративтік стратегияның бір бөлігіне айналып, бизнестің беделі мен инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етеді.

Жаһандық деңгейдегі бастамаға бір мысал — Unilever Sustainable Living Plan. Бұл бағдарлама аясында компания орнықты ауыл шаруашылығына, экологиялық ізді азайтуға, гигиена мен денсаулықты қолдауға инвестиция құяды. Unilever өз қызметінің ірі сегменттерін — қаптамадан бастап логистикаға дейін — қайта қарастырып, әлеуметтік жауапкершілік тек қоршаған ортаға кері әсерді азайтып қана қоймай, сонымен қатар бизнестің экономикалық тиімділігін де арттыра алатынын көрсетті.

Гуманитарлық көмек

Гуманитарлық көмек — табиғи апаттар, қақтығыстар, эпидемиялар сияқты төтенше жағдайларға түскен адамдарға жедел қолдау көрсетуді көздейді. Бұл көмекке азық-түлік, дәрі-дәрмек, таза ауызсу, құрылыс материалдарын жеткізу, уақытша баспана мен медициналық көмекті ұйымдастыру кіреді. Негізгі мақсат — дағдарыстан кейінгі алғашқы апта мен айларда адам өмірін сақтау және жағдайды тұрақтандыру.

Халықаралық деңгейдегі мысал — БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (World Food Programme). Бұл ұйым қақтығыстар, құрғақшылық, ашаршылық және мәжбүрлі көші-қон жағдайында азық-түлік беріп көмек көрсетеді. WFP әлемнің ең жету қиын аймақтарында жұмыс істеп, құрлықпен, сумен және әуе жолымен азық-түлік жеткізеді, уақытша логистика орталықтарын құрып, электрондық ваучерлер мен мобайл технология арқылы көмекті таратудың инновациялық әдістерін қолданады. Осы ауқымды жұмыстың арқасында WFP жаһандық гуманитарлық жүйедегі негізгі ойыншылардың біріне айналды.

Волонтерлік

Волонтерлік —  адамдардың ұйымдарға, қауымдастықтарға және жекелеген тұлғаларға әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесу үшін тегін әрі ерікті қызмет етуі. Бұл қызметтің аясында білім беру бағдарламаларына қатысу, қарттарға жәрдемдесу, мәдени іс-шараларды қолдау, апаттан кейін аумақтарды қалпына келтіру, панаханалар мен экологиялық жобаларда жұмыс істеу секілді түрлі бағыттар қамтылады.

Халықаралық деңгейдегі ең танымал үлгілердің бірі — АҚШ үкіметі құрған Бейбітшілік корпусы (Peace Corps). Бұл бағдарлама еріктілерді ондаған елге жіберіп, оларды білім беру, денсаулық сақтау, ауылдарды дамыту, экология және жастарды қолдау салаларында жұмылдырады. Волонтерлер жергілікті қауымдастықтардың ортасында өмір сүріп, жобаларды іске асырумен қатар, мәдениеттер арасында диалог орнатуға ықпал етеді. Сол себепті Peace Corps азаматтық қатысудың ең беделді халықаралық институттарының біріне айналды.

Pro bono

Pro bono — кәсіби қызмет түрлерін тегін ұсыну. Жалпы волонтерліктен ерекшелігі — мұнда арнаулы біліктің маңызы зор: заң, маркетинг, инженерия, дизайн немесе IT салаларындағы біліктер қажет. Мұндай қызмет түрі ресурсы шектеулі, бірақ кәсіби қолдауға зәру бейкоммерциялық ұйымдарға аса маңызды.

Халықаралық деңгейдегі айтулы мысалдардың бірі — Taproot Foundation қызметі. Бұл қор тәжірибелі мамандарды стратегия жасау, коммуникация, бренд қалыптастыру, жобаларды басқару және цифрлық шешімдер салаларында көмек қажет етіп отырған үкіметтік емес ұйымдармен байланыстырады. Қор мамандар тобын коммерциялық жобалардағыдай тәсілмен ҮЕҰ міндеттерін шешуге жұмылдырып, олардың тиімділігі мен орнықтылығын арттыруға көмектеседі. Pro bono кәсіби сараптама арқылы әлеуметтік бастамалардың сапасын арттырып, азаматтық қоғамның дамуына жол ашады.

Қайырымдылықтың түрлі форматтары көмек бұрынғыдай біртекті әрекет болудан қалғанын және әр модель нақты мәселені шешуді көздейтін тұтас жүйеге айналғанын көрсетеді. Жеке қайырымдылық жекелеген қажеттіліктерді өтейді, корпоративтік бағдарламалар құрылымдық өзгерістерге жол ашады, меценаттық мәдениет пен ғылымды дамытуға серпін береді, ал волонтерлік пен pro bono адам ресурстарының материалдық емес, алайда аса маңызды инфрақұрылымын қалыптастырады. Халықаралық тәжірибе мынаны көрсетіп отыр: көмек үлгісі нақты жағдай мен ұзақ мерзімді мақсаттарға сай келгенде ғана ол тиімді бола алады. Форматтар арасындағы айырмашылықты түсіну ресурстарды дұрыс біріктіріп, адамдардың өмір сапасын шынымен жақсартатын әрі қауымдастықтардың әлеуметтік орнықтылығын арттыратын орнықты көмек үлгілерін жасауға мүмкіндік береді.