
OYLA журналының шеф-редакторы Мария Валяева журнал беттерінде балалардың сұрақтары қызық-қызық мақалаларға қалай айналатынын, қағаз форматтың құндылығы неде екенін және бұрынғы оқырмандар редакцияға автор болып оралып жататыны туралы айтады.
OYLA редакциясының ойынша, дүниеге балаша қызығып қарасақ, кез келген тақырыпты қызық қылып жазып шығуға болады екен.
Шын мәнінде, кез келген тақырыпты қызықтырып әкететіндей етіп ұсынуға болады, бәрі автордың машығына ғана қарап тұр, — дейді Мария Валяева.
Редакция үйреншікті нәрседен айрықша сипат көру дегенді құр сөз емес, жұмыста ұстанатын ұраны деп біледі. «Аспан неге көк?» немесе «Адамдардың көзінің түсі неге әртүрлі?» дегендей сұрақтар болашақ материалдарға негіз болып жатады.
Мақала жазу идеядан басталады. Ол идеяны автор да, редактор да ұсына алады, әйтсе де көбіне идея зерттелуге тиіс сұрақ не мәселеден туады.
Қалай болса да, кез келген мақала бір сұрақтан басталады. Біз сол сұрақты зерттеп, тарқатып жазғымыз келеді де, ол мәтінге айналады, — дейді Мария.
Мәтін әзір болған соң жұмысқа дизайнерлер кіріседі: редакторлармен келісіп отырып көрнекіліктерді, сызбалар мен фотосуреттерді таңдайды, сөйтіп материалды әдемі, нақты әрі визуал жағынан тартымды етуге сеп болады. Ең жауапты кезең — ақырғы өңдеу.
Мақаланы баспаға жеткізу, майда-шүйде түзетулер енгізу — ең жауапты кезең. Мұнда істеліп қойған жұмысты бүлдіріп алмай, материалдың жаңа «қырлары ашылатындай» ету керек.
Қазіргі балалардың назарын ұстап тұру үшін журнал бірнеше принципке сүйенеді. Біріншіден, қағаз форматты оқыған ыңғайлы.
OYLA журналында жарнама жоқ, пуш-хабарлама жоқ. Бірінші бетін ашқаннан бала назарын ештеңе алаңдатып әкете алмайтын әлемге топ ете қалады.
Екіншіден, материалдарда көрнекілік, инфографика мен сызбалар көп. Үшіншіден, мақалалар шағын-шағын мағынасына қарай бөлінген блоктардан құралады, олар қызық детальге бірден назар аударуға сеп болады.
Мақсатымыз — OYLA журналын оқыған бала өзін сабақ оқып отырмын деп емес, қызықты саяхатта, экспедицияда жүрмін деп сезінетіндей қылу.
OYLA журналының басты құндылығы — оны шығарып жүрген адамдар. Басылым шығып келе жатқан бірнеше жылда оқырмандардың біразы редакцияға автор, иллюстратор және редактор болып оралып үлгерген.
Осы жылдары тұтас бір буынды баулып шығардық десек, артық айтқанымыз болмас, — дейді шеф-редактор.
Жаңа авторлар ғылыми, ағартушылық іс-шараларда немесе әріптестердің ұсынысымен табылып жатады.
Біздің философиямыз жаныңызға жақын болса, бізбен бірге мәтін жазып, мақала тудырғыңыз келсе, жаңа әріптес болам дегендерге қай кезде де құшағымыз ашық, — дейді Мария.
OYLA Қазақстанда 2015 жылдан бері қазақ және орыс тілдерінде шығып келеді. Қазір тираж 5 000 дана болып отыр, ол елдегі 1 500 мектеп пен кітапханаға тегін таратылады. Журнал мектеп бағдарламасындағы тақырыптарды шынайы өмірмен байланыстыра ұсынып, балалардың әуестігін, сұрақ қою машығы мен сын тұрғысына салып ойлау қабілетін дамытуға сеп болып отыр.