ru

IPSM студенттері халықаралық тағылымдама өтіп, жаңа білімін Қазақстанда пайдалануға дайындалып жүр

ФОТО: ipsm.kz
ФОТО: ipsm.kz

IPSM мектебінің үш студенті АҚШ-та, бір студенті — Францияда тағылымдама өтіп, Орталық Азия елдеріндегі әйелдердің обыр дертіне шалдығуын зерттеді. Екі студент Израильде оқып жатыр. Студенттер  алған білімін Қазақстандағы онкологиялық көмекті дамыту жолында пайдаланбақ.

Маусымда IPSM онколог-дәрігерлер, онкогематологтер, патоморфологтер мектебінің үш студенті хирург-онколог Вадим Гущиннің жетекшілігімен Балтимордағы (АҚШ) Mercy клиникасында практика өтіп, практика барысында оталарға қатысып, медицина мекемесінің жұмысын ұйымдастыру ісімен танысқан.

Дана Сыздыкова бір айдай Лиондағы (Франция) Халықаралық обыр ауруын зерттеу агенттігінде (IARC)  тағылымдама өтті. Онколог-эпидемиолог Антон Барчуктің жетекшілігімен Дана Орталық Азиядағы әйелдерде болатын обыр түрлеріне шалдығу және одан қайтыс болу жағдайларын зерттеді. Тағылымдама барысында Дана GLOBOCAN 2022 деректерін өңдеп, заманауи статистика бағдарламаларының көмегімен визуал жасап, cancer surveillance (пациенттің емделгеннен кейінгі ахуалын қадағалап, бақылау) принциптерін және аурулар тізілімдерін құру әдістерін үйренді. Жұмыс нәтижесінде жазылған материалдар медициналық ғылыми журналдарда жарияланбақ.

ФОТО: ipsm.kz
ФОТО: ipsm.kz
ФОТО: ipsm.kz
ФОТО: ipsm.kz

Қазір тағы екі студент Израильде, Тель-Авив қаласындағы Ихилов (Сураски) медицина орталығында, онкогематолог дәрігер Эрель Йоффенің басшылығымен тағылымдама өтіп жатыр.

Шілденің басында Астанада EA Charity Fund қолдауымен IPSM мектебінің үшінші легінің офлайн-финалы өтті. Жүздеген үміткердің арасынан іріктеп алынған 16 студент күзде оқуын бастамақ.IPSM — Қазақстандағы халықаралық стандарттарға сай  онкология және онкогематология саласының мамандарын даярлайтын онкология мектебі. Мектептің бағдарламасы заманауи білім беру әдістеріне сүйенеді әрі шетелдік және қазақстандық эксперттердің сабақтарын, медициналық ағылшын тілі дәрістерін, клиникадағы жағдайлармен жұмыс істеуді қамтиды.

Үш жылда IPSM мектебіне оқуға ниетті 870 адамнан өтінім түскен. Қазір бірінші лекте 12 студент, екінші лекте — 15, қазір — 16 студент оқып жатыр.