BATYR LAB 2025 резиденциясы жеңімпаздарын жариялады. Биыл жобаға қатысқан өнерпаздардың бәрі өз туындысын жазуға грант ұтып алды. Олардың жұмыстары ішкі трансформация, адамның жады мен жанжарасы, адамның өз болмысын қабылдап, шынайы болуы туралы сыр шертеді.
Биыл әр өтінім шынайы әрі әсерлі болғаны сондай — біз айрықша шешім қабылдап, резиденттердің бәріне грант бердік. Олар туындыларында адамның ішкі трансформациясы мен жады жайлы, жанжараны қабылдау мен өзіңді табу, өз үніңді сақтап қалу сияқты тақырыптарды көтереді. Біз осы идеялардың сахнада шырқалар сәтін асыға күтеміз, — дейді ұйымдастырушылар.
Laylo Rikhsieva Roots атты ЕР-сериал дайындап жатыр. Бұл жоба — бір отбасының хикаясы арқылы психологиялық сабақтастықты зерттейтін аудиовизуал жұмыс. Автор жанжараның түп-тамырын түсіну және сауығу жолы туралы айтады.
Альбом бойынша жұмыс істеу үшін жабулы қалған, ұмытылған жайттарды қайта қозғауыма тура келді. Осы тәжірибем өзге жастардың өзін-өзі тануға ұмтылуына себеп болар деп сенемін, — дейді ол.
Әлия Медеубаева Т(езім) атты музыкалық трилогия ұсынады. Ол — өзіңе сену мен жанжарасын емдеу жайлы, үміт пен өзгеріс туралы айтатын жоба.
Т(езім) адам ішінен басталатын өзгеріс туралы әңгіме қозғайды. Адам жанының жарасы оның өсуіне қалай себепші болатынын көрсетеміз. Өз болмысыңды сақтап қалудың өзі үлкен жетістік екенін айтамыз, — дейді автор.
Асанәлі Амангелді адамның рухани жолы жайлы, яғни оның кімдігі, сенімі мен мәдениеті туралы альбом жазбақ.
Альбомда өзіме жақын дүниелер жайлы айтамын. Не көрдім, не үйрендім, қалай өстім, қалай сенемін, қалай өзгере отырып, айналамды өзгертемін — соның бәрін айтамын, — дейді.
Эли Нұрқұспан рок, джаз, инди мен рэп элементтері бар поп-альбом жазып жатыр. Мақсаты — жаңа дыбыс іздей отырып, шынайылықты сақтап қалу.
Уақыт өте келе талғамым өзгерді, өзім де өзгердім. Бұл сезімді көп адам түсінер деп ойлаймын. Сол себепті оны музыка арқылы жеткізгім келді, — дейді әртіс.
Мәтжан Мақсұқтов Ertegi De Nuit атты жобасында тыңдарманды қиял мен шындық арасындағы кеңістікке қайта апаруға тырысады.
Бұл тректер — дайын грув емес, өзіме сынақ. Сіз не ойнауға келісесіз, не одан қашасыз. Ойында қалсаңыз, тармақтар арасында шындық барын көресіз. Ал айдаһарды қалай жеңу керегін кейін айтамын. Мен өзім толық түсінетін дүниелерге қызықпаймын, — дейді автор.
Диас Сейітбеков Сарым альбомында өткеннен қалған жара мен болашаққа деген арман арасындағы елеусіз қалған шындық туралы толғайды.
Сарым — мираж (фр. mirage — шағылысу, сағым) — көкжиекте нысанның (ғимараттың, талдың, т.б.) бір не бірнеше жалған бейнесі байқалатын оптикалық құбылыс.
Бақыт Мырзабекова музыка арқылы үрей, қорқыныш пен жалғыздық тақырыптарын көтереді.
Әр адамның өз жанжарасы бар. Сол жарасын таңып, үміт сыйлағым келеді, — дейді ол.
Ерлан Оңғаров әлеуметтік желідегі «бақытты да кіршіксіз өмір» дейтін жалтырақ образдың ықпалы мен оның адамдардың арақатынасына қалай әсер ететінін зерттейді.
Табысты адамның өмірі» феноменіне тоқтау қоюымыз керек деп ойлаймын. Адамдарға табыс пен жетістік деген ұғымды өзінше бағамдауға, өзін қор санамауға, өмірін өзгелердікімен салыстырмауға мүмкіндік беру керек, — дейді ол.
Дарья Прокопец Inju жобасында өз болмысын дыбыстар, естеліктер мен күнделікті ырғақтар арқылы зерттейді.
Адамның бастан кешкені — інжу тасы іспетті. Далалық жазбалар, тіл, ырғақ пен әуен арқылы өз тарихымды жамап, жаңа мән табамын, — дейді ол.
Ажар Бейсембина Juldyz, 17 триптихін әзірлеп жатыр. Бұл — есею туралы музыкалық әңгіме.
Juldyz, 17-дегі әр ән кейіпкердің маңызды сезімдерді өткеріп, жанжарасымен бетпе-бет келетін кезеңдері туралы айтады, — дейді автор.
BATYR LAB — Batyr Foundation қоры ұйымдастырған музыкалық зертхана. Ол Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі тәуелсіз музыканттарға шығармашылық әлеуетін ашуға және мансабын дамытуға көмектеседі. Бағдарлама 2025 жылғы 2–11 маусым аралығында Алматыда өтіп, авторлық құқық, музыканы ілгерілету, лейблдермен жұмыс, PR және музыкалық журналистика тақырыптарында семинарлар, дәрістер мен менторлық сессияларды қамтыды. Резиденция аяғында қатысушылар жалпы сомасы 5 500 000 теңге болатын грантқа ие болды. Музыкалық жобалар 2025 жылғы күзгі BATYR LAB шоукейсінде ұсынылады.
Грант бағдарламасын EA Charity Fund қаржыландырды. Қор Batyr Foundation серіктесі ретінде Қазақстандағы мәдениет пен шығармашылықты қолдауға бағытталған бастамаларды жүзеге асырады.