ru
Батырхан Шукенов

Батырхан Шөкенов атындағы қор

Ұйым Батырхан Шөкеновтың мәдени мұрасын сақтауға, қазақ халқының мәдениетін зерттеуге және таланттарды қолдауға баса назар аударады.

Батырхан Шөкенов. Николай Постниковтың фотосуреті

«Batyr Foundation және Наргиз Шөкенованың бастамаларының бәрін жақсы көремін», – «91-23. Тәуелсіз Қазақстанның танымал музыкасы туралы» кітабының тұсаукесер рәсіміне жиналған, поп-мәдениетке жаны жақын тыңдаушылар осылай деп пікір білдірді. Музыкалық индустрияның 33 жылын қамтыған басылым Батырхан Шөкенов атындағы қордың және EA Charity Fund қолдауымен басып шығарылды. Бұл туралы сәл кейінірек айтамыз.

Батырхан Шөкенов атындағы қор неліктен Қазақстанның заманауи мәдениетінің бөлігі саналады

Batyr Foundation белгілі әртіс Батырхан Шөкеновтің есімін есте сақтау үшін 2015 жылы құрылды. Ол дүние салған соң Қазақстанда және елімізден тыс аймақтарда өнерпазды еске алу жиындары мен концерттер ұйымдастырылды, оларға ондаған мың адам жиналды. Батырханның қазасы көпшілік үшін күтпеген жағдай болғандықтан, ол туралы көп нәрсе айтылмай қалғандай сезілетін.

«Қоғамда осындай үлкен сұраныс туындаған кезде біз де сол құбылысқа жауап бергіміз келді. Әрине, Батырханның мұрасын жүйелеу, оның альбомдарын стриминг сервистерде жариялау, өнерпаздың өзі CD-ден бастап винил пластиналарға дейінгі түрлі тасымалдаушыларда жазған және орындаған туындының барлығын жарыққа шығару – алғашқы жылдары біздің жұмысымыз дәл осы бағыттарға байланысты болды», – деді Наргиз Шөкенова.

Наргиз Шөкенова. Батырхан Шөкенов атындағы қордың архиві
Наргиз Шөкенова. Батырхан Шөкенов атындағы қордың архиві

Батырханның продюсері әрі немере қарындасы Наргиз Шөкенова қорға 2018 жылы келді. 10 жылға жуық жұмыстың нәтижесінде жоба өнердегі қадамын жаңа бастаған әртістерді қолдауға арналған бірегей платформаға айналды. Бүгінгі таңда Batyr Foundation Қазақстанның мәдени ортасын қалыптастыруда аса маңызды рөлге ие.

«Біздің миссиямыз – жаңа есімдер танылып, жас таланттар дамитын мықты әрі жанды мәдени орта қалыптастыру. Бұл – бір жағынан жүзеге асатын, бір жағынан қол жетпес мақсат. Біз оны жүзеге асырып, нәтижеге қол жеткізіп келеміз, дегенмен, алда атқарылар жұмыс көп. Біз үшін икемділік аса маңызды, жобалардың ішіндегі өзгерістер осыған байланысты. Дегенмен, біз қордың басты мақсатын әрдайым басты назарда ұстаймыз».

Batyr Foundation қорының үш бағыты

«Отан Ана» винил пластинасы. Батырхан Шөкенов атындағы қордың архиві
«Отан Ана» винил пластинасы. Батырхан Шөкенов атындағы қордың архиві

Қор жұмысы үш бағытқа бөлінген. Біріншісі – Батырхан Шөкеновтың мәдени мұрасы.

«Мәдени мұра біз үшін маңызды, дегенмен, кейбір жайттар адамдардың жадынан ұмытылуы мүмкін екенін де ескереміз», – дейді Наргиз.

«Батыр Live. Жастарға арнау» атты Батырханның ойлары мен идеяларының жинағы, «Сағым дүние» ноталар жинағы, ең кішкентай тыңдармандарға арналған «Таныс болыңдар! Батыр» кітабы, коллекциялық дискілер жинағы, «Отан Ана» винил пластинасы, Батырхан Шөкеновтың пошта маркалары – мұның барлығы көкесінің есімін сақтау үшін Наргиз Шөкенова атқарған жұмыстың бір бөлігі ғана.

«Бұл – таусылмайтын ресурс, дегенмен, қолдан келгеніміздің бәрін істедік деп ойлаймын. Біз үшін Батырдың музыкасын жастарға таныстырып, маңызды аудитория – оның өнерін бағалаушылармен байланыста болу маңызды».

Ұйым қазақ мәдениетін зерттейтін аз ұйымның біріне айналды.

«Біз адамдардың білуге ұмтылатын қасиетіне сенеміз. Сарапшыларды, өнерсүйер қауымды және көрерменді бір ортаға біріктірген ұнайды. Біз қазақ мәдениетінің тарихын ой елегінен өткізіп, ақтаңдақ тұстардың орнын толықтырамыз. Бұл жобаларға «91-23. Тәуелсіз Қазақстанның танымал музыкасы туралы» кітабын, Qazaq Roses подкастын жатқызуға болады. Мәдени мұрамен қола ескерткіштер арқылы емес, рефлексия және өзекті медиа-өнімдер құру арқылы жұмыс істеудің жақсы үлгісін қалыптастырған сияқтымыз. Осылайша біз мәдени ортаға, тыңдаушыларға жақындап, өз орнымызды табуға ұмтыламыз».

Қор жұмысының көп бөлігін білім беру жобалары құрайды.

«Біздің ойымызша, ресми оқу орындары заманауи талаптарға сай келмейді. Өзімізді ойын алаңшасы, тест-драйв, музыканттарды қолдауға және тәжірибелер жүргізуге арналған кеңістік ретінде елестетеміз. Резиденциямыздың аясында музыка индустриясының ережесін қайта қарап, жаңасын қалыптастырғымыз келеді, әртістерді дайындап, көпшіліктің қолы жетпейтін ортаға қосуды қалаймыз. Мұның барлығы Батырхан Шөкенов және оның құндылықтары бренді аясында жүзеге асырылады», – деп қосады Наргиз Шөкенова.

Batyr Lab, Qazaq Roses және «91-23» жобалары туралы толығырақ

Николай Постниковтың «Батыр | Жарияланбаған дүниелер» фотокөрмесі
Николай Постниковтың «Батыр | Жарияланбаған дүниелер» фотокөрмесі

Batyr Lab

Өнердегі қадамын жаңа бастаған әртістерге, композиторлар мен музыкалық продюсерлерге арналған бустер, білім беру платформасы. Batyr Lab резиденттердің мүмкіндігін ашып, даусын, ән салу мәнерін және тыңдарманын табуға көмектесетін менторлар мен сарапшыларды біріктіреді. Мұнда таланттар тәжірибе жинақтап, өздерін таныту үшін қаржылай қолдау табады. Резиденцияның есігі қазақстандықтар үшін де, Орталық Азияның басқа елдерінен келген қатысушылар үшін де ашық.

Batyr Lab өтінімдерді қабылдаудан басталады, содан кейін іріктеліп алынған қатысушылар Алматыға келіп, бір апта көлемінде авторлық құқық, менеджмент және коммуникация, музыкалық продюсерлік пен дистрибуция бойынша өзекті білім алады, индустрияның жетекші мамандарының воркшоптарына қатысады. Оқудан кейін резиденттер музыкалық туынды – сингл немесе альбом жазуға қажет грант алуға өтінім береді. Бірнеше айға созылған жұмыс ауқымды шоукейспен аяқталады.

«Резиденттердің кәсіби білімі болуы біз үшін міндетті емес. Біз олардың музыкалық түйсік-танымына, көзқарасына, тәжірибе жасауға дайындық дәрежесіне қараймыз. Батыл идеялар жүзеге асырылатын, қасаң ережелер емес, таланттар басты назарда болатын кеңістік құрып, оларды қолдағымыз келеді. Жас әртістерге түсетін жүк туралы жақсы түсінеміз. Кеңес уақытында Батыр Композиторлар одағының үйлеріне баратын, олар Алматы облысында еді. Онда өнерпаздар музыка тыңдап, әңгімелесіп, бір-бірімен танысатын. Алғашқы Batyr Lab дәл сондай болды. Кейін біз тәлімгерлерге қажеттілік бар екенін түсіндік, осылайша шеберханалар пайда болды. Шеберханаларды түрлі жанрларда және түрлі әдістермен құрдық. Біз үшін таланттарды ғана емес, жергілікті сарапшылар ортасын құрып, сабақ беретін мамандарды дамыту да маңызды», – деп түсіндіреді Наргиз.

Соңғы толқын алдыңғыларына қарағанда әлдеқайда өзгеше. Студенттер халықаралық тәлімгер Иван Дорнның ақыл-кеңесін алды. Резиданцияны табиғат аясына жасалған музыкалық саяхат ашып берді.

«Тауда қатысушыларды толық жабдықталған музыкалық станция мен екі күндік практика, бірігіп ән салу, тәлімгермен әңгімелесу күтіп тұрды. Осындай өнер жұлдызының сенім артуы қатысушылар үшін таңқаларлық оқиға болды, оларға үлкен кәсіби және эмоциялық қолдау берді».

Batyr Lab 2021 жылдан бастап таланттардың төрт толқынын, яғни, 54 қатысушыны шығарып салды. Жобаның нәтижесінде 36 әртіс жалпы сомасы 22 500 000 теңге грант қаржысын алды. Төртінші Batyr Lab түлектерінің арасында қазіргі таңда көпшілікке танылып үлгерген Мирас Жансұлтанов (menrasaitam) және Марк Темкин (Shashoo инди-тобы) бар.

Qazaq Roses және Baysa білім подкасттары

Baysa подкасты. Батырхан Шөкенов атындағы қордың архиві
Baysa подкасты. Батырхан Шөкенов атындағы қордың архиві

Бес қазақ әйелінің өмірі туралы Qazaq Roses білім подкастын жүзеге асыру үшін Наргизге ұзақ уақыт қаржы іздеуге тура келді. Подкасттың әр эпизоды кәсіби зерттеуден, кейіпкерлердің өмірбаянын зерделеуден және әңгімелесіп-талқылаудан тұрады. Бұл – қазақ және орыс тілдеріндегі екі тілді жоба.

«Біздің Ерік Аубакировпен таныстығымыз Qazaq Roses жобасынан басталды. Қазақстанның тұрғыны ретінде мен бұрынғы емес, қазіргі, алыстағы емес, жақындағы мықты тарихи сәттерге деген сұранысты сеземін. Ал қазір подкастпен жұмыс процесі және статистикаға қарап отырып, бұл сезім жалғыз менде ғана емес, көптеген отандасымызда бар екеніне қатты қуаныштымын. Біздің тыңдармандарымыз – миллениалдар мен зумерлер. Олар бұған дейін қандай замандар мен ұстанымдар болғанын білгісі келеді. Бізде қазір арамызда жоқ немесе өздері туралы айтуға дайын емес ата-әжелермен тілдесіп, әңгімелесуге мүмкіндік пайда болды. Бұл Qazaq Roses кейіпкерлері бастан өткерген жағдайларға – ерте жетім қалу, балалар үйінде немесе интернатта өткен балалық шақ, сәбилердің шетінеуі, қуғын-сүргін, жаңа кеңестік қоғамның қалыптасуы, сталин заманына тура келген жастық шақ сияқты құбылыстарға ұқсайды. Бұл подкастта біз сол әйелдердің жағдайы қалай болғанын түсінуге тырысамыз», – деді Наргиз Шөкенова.

Қазақ музыка мәдениетінің тарихына арналған Baysa подкастының үшінші маусымы жалғасуда. 58 шығарылымда қазақстандық музыкатанушылардың лекциялары тыңдалады, мемлекеттік архивтердегі бірегей аудиожазбалар қойылып, жүргізушілердің пікірі айтылады. YouTube-тағы ең танымал жобалардың бірінде авторлар музыка мәдениетіндегі трикстерлер туралы, қазақ рэпі мен «Дос-Мұқасан» аңызының пайда болуы туралы айтып береді.

«91-23. Тәуелсіз Қазақстанның танымал музыкасы туралы» кітабы

«91-23. Тәуелсіз қазақстанның танымал музыкасы туралы» кітабы. Батырхан Шөкенов атындағы қордың архиві
«91-23. Тәуелсіз қазақстанның танымал музыкасы туралы» кітабы. Батырхан Шөкенов атындағы қордың архиві

«Бұл өз алдына бөлек әлемдер тоғысқан таңқаларлық фестиваль сияқты болды. Тұсаукесер рәсіміне опера әншілері, рок-музыканттар, халық әртістері мен тәуелсіз инди-әртістер жиналды».

Қордың командасы кітапты шығаруда 2 жылдай тер төкті, 400-ден астам мәдениет өкілі туралы зерттеді. «91-23. Тәуелсіз Қазақстанның танымал музыкасы туралы» кітабы қазақстандық музыканттар мен әртістер 1991 жылдан 2023 жылға дейін жүріп өткен жол туралы ой қорытады.

«Бұл кітаптың әр үйдің төрінен табылып, керемет сыйлық болғанын қатты қалаймыз. Кітапты энциклопедиялық деп атауға болмас, себебі ол қарапайым тілде жазылып, авторлардың даусы тасқа басылған».

Басылым қазақ және орыс тілдерінде жазылғанымен, әр эссе бір-бірінің аудармасы емес. Кітап музыкалық жанрға немесе мәдени феноменге арналған бес бөлімнен тұрады.

«Біз әртістер, топтар, дуэттер, музыкалық фестивальдер, телеарналар, композиторлар, продюсерлер туралы, клиптер түсірген адамдар және той-индустрия туралы жаздық».

Кітаптың алғашқы тиражы 2 000 дананы құрады.

EA Charity Fund

«Батыр Live» кітабы. Батырхан Шөкенов атындағы қордың архиві
«Батыр Live» кітабы. Батырхан Шөкенов атындағы қордың архиві

Батырхан Шөкенов атындағы Қор мен EA Charity Fund серіктестігі Instagram желісіндегі посттан басталды.

«Мен Qazaq Roses подкастына қаржы таба алмай жүргенім туралы пост жаздым. Сол уақытта әйелдердің құқығына қатысты көңіл құлазытарлық жаңалықтар тарап жатқан кез еді, жағдай қазір де мәз емес. Қордың қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ерік қандай көмек керек деп сұрады. Ол кезде қаржылай қиындық көріп жүрген едік. Біздің кеңсемізде кездесіп, мен өзіміз туралы айтып бердім, жұмысымыздың нәтижесін көрсеттім. Сол кездесуде маған Еріктің біздің жұмысымызға қызығушылық танытқаны, жобаға кедергі келтірмейтіндей көмек көрсеткені қатты әсер етті», – деп еске алады Наргиз.

Qazaq Roses жобасы аясындағы бірге жұмыс істеу достыққа ұласып, бір-біріне деген сенімділіктің үлгісіне айналды. EA Charity қоры Qazaq Roses подкастына, «91-23. Тәуелсіз Қазақстанның танымал музыкасы туралы» кітабын басып шығаруға, 2023 жылғы Batyr Lab жобасының көп бөлігіне және Батырдың бұған дейін жоғалып кеткен сирек архив суреттері ұсынылған фотограф Николай Постниковтың көрмесін ұйымдастыруға қаржылай қолдау көрсетті.

Batyr Foundation командасы

Қордың командасы әр жоба аясында жұмыс істеуге қалай үлгеріп жүргендері таң қалдырады.

«Batyr Foundation командасы – мен және менің екі әріптесім – Камила мен Алина, тиісінше, жобаның менеджері мен үйлестірушісі. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі аккаунттарымызды жүргізетін менеджеріміз бен бухгалтеріміз бар. Біз – шағын ғана топпыз, бірақ, тиімді команда екенімізге сенгіміз келеді».

Batyr Foundation жұмысына Батырхан Шөкенов отбасының басқа мүшелері де қатысып тұрады. Батырханның анасы Длара Раимбердиева – қор құрылтайшыларының бірі. Қамқоршылар кеңесін Наргиздің әкесі және Батырханның бауыры Бауыржан Шөкенов басқарады.

«Біз оның сенімінен шыға алдық деп сенемін»

Batyr Foundation командасының арманы көптеген алматылықтың арманымен сәйкес келеді – ол керемет мәдени кеңістік ашу.

«Біздің қорымыз аумақты әрі мықты инфрақұрылымды құруға себепкер болғанын армандаймын. Оның мәдениет үйі, университет, академия немесе кинотеатр – жалпы, қандай үлгіде болатынын білмеймін. Біз түрлі үлгілерді қарастырып, ақырындап қадам басып келеміз, жұмысымызды тыңғылықты жалғастыруды құп көреміз», – деп ой бөліседі Наргиз Шөкенова.

Наргиз қордың жобаларына көкесі қалай қарайтын еді деп үнемі ойлайтынын жасырған жоқ.

«Батырдың есімін сақтап қалу жолында жүргендіктен, көпшіліктің сенімінен шығып жүрміз деп ойлаймын. Ол өте мейірімді болатын, үнемі тәжірибе жасап жүретін, терең білімді болды, көп нәрсеге қызығушылығымен қатар бала сияқты қарапайымдылығын, адамдарға деген құрметін сақтап қалды. Тірі болса біздің жұмысымызға көңілі толар еді, біз оның сенімінен шыға алдық деп қатты сенемін».

Инфографика Фонд Батырхана Шукенова